Биыл елімізде баланың күтіміне байланысты 692 миллиард теңге жәрдемақы төленіпті. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Әлеуметтік жәрдемақы 508 мың адамға тағайындалыпты.

Бала туғанда берілетін жәрдемақыны 2025 жылдың басынан бастап республикалық бюджеттен барлығы 51,7 миллиард  теңге сомаға 286 мың адам қамтылды. Оның ішінде қазан айында 5,2 миллиард теңге сомаға 28,5 мың адам алды. Бұл жәрдемақыға бала туған, асырап алған, сондай-ақ қамқорлыққа алған балалары бар еліміздің азаматтары, қандастар, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер үміткер бола алады, -деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Бала тууына арналған жәрдемақы мөлшері:

  • Бірінші, екінші, үшінші балаға – 38,0 АЕК немесе 149 416 теңге;
  • Төртінші және одан кейінгі балаларға – 63,0 АЕК немесе 247 716 теңге.

Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы ай сайын келесідей мөлшерде төленеді:

  • Бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге;
  • Екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;
  • Үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге;
  • Төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.

Бұдан басқа жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке және босануға, жаңа туған сәбиді асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша берілген демалыстың барлық күндеріне тағайындалады. Төлем мөлшері жүктілігі және босануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілгенге дейінгі соңғы 12 ай ішінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріске және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.

Жыл басынан бері 175 мыңнан астам адамға 245,3 миллиард теңге  аталған біржолғы төлем төленді.  Ал қазанда 18 мыңға жуық азамат 17,4 миллирад теңгеге демеу қаржыға ие болды.