Облыс әкімдігі жанындағы дағдарысқа қарсы штабтың отырысында банкроттық рәсімдерді жүргізудің барысы, жалақы өндіру бойынша сот актілерінің орындалуы, жұмыс берушінің қызметін декларациялау мәселелері талқылады. dengi Жалақы бережағын қайтару мәселесі әлі күнге дейін өткір тұр. Бірнеше жылдан бері қызметкерлерінің маңдай тер, табан ақысын өтеуден жалтарып жүрген кәсіпорындардың ісі бұған дейін де штабтың отырысында бірнеше мәрте қаралған еді. Бұл жолы «Дастан» «Металбұйымдары», «Жайықтранстерминал» және «Агросервис» ұйымдарының мәселесі талқыланды. - «Дастан» баспа-полиграфиялық кешенінің еңбекақы мен өтемақыны төлеу талабы 6 млн 343 мың теңге. 18 адамға қарыз. №2 Орал қаласының шешімімен 2013 жылдан бері банкрот деп танылған. 3 млн теңге берешегін өтеген. Енді қалғаны 3 млн 300 мың теңге. Банкроттық рәсімдерді жүргізу тәртібі созылып кеткендіктен, бережақты өтеу мәселесі де бірнеше жылға созылып отыр, - дейді БҚО мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Есбол ӘМІРОВ. Дағдарысқа қарсы штаб отырысында қанша рет қаралса да, «Дастанның» жыры әлі бітпей келеді. Кезекті жиын сайын әйтеуір бір себеп айтылады. Бережағы бар кәсіпорындар қолда бар мүлігін сатып, жалақы қарызын өтеуі тиіс. Тап осындай жағдай «Жайықтранстерминал» ЖШС де қатысты. Кәсіпорын 6 млн теңге қарызын жылдар бойы өтемей келеді. Бірақ департамент маманы серіктестік мүлкінің құны бережақты өтеуге жетеді деп сендірді. Ал «Металл бұйымдары» әлі күнге дейін 84 адамның 61 млн теңге шамасындағы жалақы қарызын төлемей келеді. - «Металл бұйымдарында» 2 рет банкорт басқарушысы өзгерді. Банкрот рәсімдеу мерзімі 16 қазанға дейін созылды. Екіншіден, мүлікті 12 шілдеде аукционға шығарып сату жоспарланды. Егер сатып алушылар болса, мүліктің жалпы құны жалақы қарызын жабуға жетеді. Бұл мәселе шілде айының ішінде, тамызға дейін шешіледі деп есептеймін, - дейді БҚО мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Есбол ӘМІРОВ. Штаб отырысында сондай-ақ банкрот деп танылған «Агросервис» кәсіпорнының да ісі қаралды. Облыс әкімі орынбасары аталған мекемелердің берешегін өндіру ісін ширатуды тапсырып, сиырқұйымшақтанып созбалаңға салынған жайттарды прокуратура, сот органдарымен бірігіп шешуге тапсырма берді. Жиын соңында жалақы өндіру бойынша сот актілерінің орындалуы, жұмыс берушінің қызметін декларациялау мәселелері де қаралып, өз қызметтік міндеттерін мүлтіксіз атқарған бірнеше кәсіпорынға сенімхат табыс етілді.  
Арман Курманалиев