Соңғы бес айда өңірде көлік апатынан 35 адам қаза тапқан. Соның 5-еуі бала. Бұл жантүршігерлік статистиканы төмендету мақсатында облыста маусымның 27-30 күндері «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде. Жол сақшыларының ережеге бағынбаған жолаушылар мен жүргізушілерге қалай түсінік жұмыстарын жүргізгені жайлы біздің тілшілер біліп қайтты. peshehod Еуразия даңғылы мен Құрманғазы көшесінің қиылысы. Автобустан түсе сала бірнеше адам ала жолақ жоқ жерде жолды кесіп өтіп жатыр. Тәртіп сақшылары қарбалас сәтте өзіне де, өзгеге де қауіп төндіріп, жол ережесін бұзған жолаушыны тоқтатты. - Сіз рұқсат етілмеген жерде жолды кесіп өттіңіз. Заң бойынша сіз айыппұл төлейсіз. Бірінші кезекте біз сізге ескертеміз. Жол ережесін енді бұзбауыңыз үшін мынадай ақпараттық жадынамалар ұсынамыз, - деді Орал қалалық ІІД жергілікті полиция қызметінің инспекторы ДИНАРА АБДУЛХАЛИКОВА Өз қателігін мойындаған жолаушы балабақшадағы қызыма асығып бара жатқам деген себеп айтады. Ол енді 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 10 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. Дәл осындай әкімшілік жауапкершілік тағы бір қала тұрғынына тағайындалды. - Бұл азамат ҚР Жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін ұсталды. Рұқсат етілмеген жерде жолды кесіп өтті. Бұл жүргізушіге де, жолаушыға да қауіпті. Бұл азаматқа әкімшілік кодексінің 115 бабы, 1-тармағы бойынша хаттама толтырылады. 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлды 1 айдың ішінде төлеуге тиіс, - БҚО ІІД жол полициясы батальонының инспекторы Дидар СЫРЫМ. Ақпараттық жадынамалар көлік жүргізушілеріне де үлестірілді. Акцияға түсіністікпен қараған олар жол-көлік оқиғалараның алдын алуда мұндай шаралардың маңызды екенін айтады. - Әрқашан абайлап жүремін. Жылдамдықты асырмаймын. Ішімдік ішпеймін. Мұндай акциялар қажет деп есептеймін. Қазір көбі жол ережесін өрескел бұзады. Әсіресе, жастар, - қала тұрғыны КАБИР КАСЯНОВ Мұндайоясыздықтың кесірі қайғылы оқиғаларға әкеп соғуда. Мәселен, бүгін таңда Зеленов ауданы аумағындағы Орал-Кирсанов тасжолындағы көлік апатынан 2 қыз бала қаза тапты. Жалпы соңғы бес айда өңірде 155 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, одан 35 адам көз жұмды.  
Арман Курманалиев