Қаладағы Ульяна Громова көшесі 2-үй, 1-бөлшек мекенжайындағы тұрғындар сусыз қалды. Бұған жатақханадағы құбырдың жарылуы себеп болды. Апат орнына келген комиссия үй тұрғындары жауапты тұлғаны сайлап, құбырды жөндемейінше суды қоспаймыз дейді. 2204 Ульяна Громова көшесіндегі бұл жатақхананың су, жылу, кәріз желілері қырық жылдан бері жібі түзі жөндеу көрмеген. Іріп-шіріп тұрған құбыр ақыры тесіліп, үйдің бірінші қабатын су алды. Апаттың кесірінен тұрғындар сусыз қалды. Суды үйге келіп, жағдайды өз көзімен көрген арнайы комиссия өкілдері ажыратып кеткен. Себебі құбырдан кеткен су іргетасқа жетіп, үйдің құлауын әкеп соғуы мүмкін. Жағдайды ушықтырмас үшін тез арада жөндеу жұмысын қолға алу қажет. Алайда, жөндеумен тұрғындардың өздері айналысуы керек деп сепетйді құзырлы орган өкілдері. - Комиссиялық шешіммен осы үйді судан айыру жөнінде шешімге келдік. Себебі, осы үйдің тұрғындарының арасынан жауапты тұлға сайлап, тұрғындар жөндеуді қажет ететін құбырларды ауыстырғасын ғана суды қосамыз, -дейді Орал қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Радмир ЖАСЕНОВ. Ульяна Громова көшесі 2-үй, 1-бөлшек мекенжайындағы баспанада 104 пәтер бар. 1974 жылы салынған бұрынғы зауыт жатақханасы ешқандай ПИК-ке қарамайды. Кооперативке алу туралы ұсыныстан да бас тартқан. Тек үй төрағасы бар. Бірақ оның сөзін тұрғындар құлаққа да ілмейді. - Кешке тұрғындар келгесін жөндейміз. Баяғы сол бірінші қабаттың тұрғындары шығады жөндеуге. Сенбілікке шығатындар солар. Қалғандарын сүйреп те шығара алмайсың. Ешқандай жауапкершілік жоқ, - дейді жатақхана тұрғыны Наталья ЗЕМЛЯНУШНОВА. Негізінде үй апатты деп танылмаған. Жатақхананы мемлекеттік тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы бойынша жөндеуге болады дейді жергілікті билік. Алайда ауызбірлігі жоқ тұрғындар бұл ұсыныстан да бас тартқан. Әзірге жағдайдың қалай шешілері белгісіз. Бәрінен бұрын адам төзгісіз жағдайда күн көрген балаларға обал. – Өткен жылы 2-3 ай бойына тұрғындармен бірнеше мәрте кездесіп, қандайда бір ПИК құрамына кіруді не болмаса «Изумруд» басқарма компаниясы қарамағына өтуді ұсындық. Бірақ олар бас тартып отыр. ТҮКШ жаңғырту бағдарламасымен жөндеу жүргізуге де келіспеді, – дейді Нұрлан Уапұлы. Жатақхана тұрғындарының ПИК құрамына кірмеуінің бір себебі – ай сайынғы төлем болса, бір себебі – үйді апаттық жағдайға жеткізіп, бөлмелерінің орнына жаңа пәтер аламыз деген ой.
Арман Курманалиев