ЖАҢА СОТ ҒИМАРАТЫ АШЫЛДЫ
Орал қаласының №2 соты жаңа ғимаратқа көшті. Бүгін Конституция күні қарсаңында 5-ші шағынаудандағы су жаңа ғимарат салтанатты жағдайда ашылды. Сондай-ақ қазақтың үш биіне арнап құйылған ескерткіштің де ақ жамылғысы түрілді. Жаңа ғимараттың ерекшеліктері жайлы тілші тарқатсын.

Көркі көз тартатын жаңа ғимарат бір жылдың ішінде салынып біткен. Енді мұнда азаматтық істер қаралатын №2 қалалық соты орналасады. Бұрын ол мекеме өте ескі ғимаратта қызмет көрсеткен еді. Кабинеттердің тарлығынан тіпті сот мәжілістерін дәлізде өткізген сәттер болған.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатында ҚР Жоғарғы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Еліс ӘБДІҚАДЫРОВ пен облыс әкімі Алтай Көлгінов сөз алып, жұртшылықты Конституция күні қарсаңындағы қуанышты оқиғамен құттықтады.
- Елбасының «100 нақты қадамында» сот ісін модернизациялау деген бағыт бар. Ал ол материалдық-техникалық жағынан да қарастырылуы қажет. Сондықтан біздің өңірімізде осындай жаңа ғимараттың бой көтеруі міндетті түрде сот жүйесінің жұмысын жетілдіріп, азаматтардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғауға өз үлесін қосатынына сенімдіміз, - деді Батыс Қазақстан облысының әкімі АЛТАЙ КӨЛГІНОВ
Жаңа ғимараттың табалдырығын аттамас бұрын жұртшылық әуелі қазақтың үш биі – Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің қоладан құйылған ескерткішінің ашылуына куә болды.Ел бірлігін сақтаған тұлғалардың тұғырға қонып, дәл сот ғимаратының алдында орын тебуі бұл жерге сән беріп қана қоймай, мекеменің мәнін де ашып тұр. Өйткені бұрынғының соты да, тергеушісі де қара қылды қақ жарған билер болғаны белгілі.
Бұдан соң ғимараттың лентасы қиылып, келген жұрт жаңа орынның салтанатына қанықты. Мұнда 30 судья кабинеті, сонша судья хатшыларының бөлмесі және 15 сот мәжілісінің залы бар. «Бұл сот қызметкерлері үшін бұрын-соңды жасалмаған тың жағдай» деп таңырқап әрі қызыға қарасты қалалық сот ұжымының өзге әріптестері. «100 нақты қадамның» талаптарына сай барлық сот залы дыбыс және бейне жазбаға арналған құрал-жабдықтармен қамтылған. Ал жиһаздар - жергілікті кәсіпорындардың өнімі. Азаматтық сотта 1 судьяға айына 60-65 істен келеді екен. Жылына 14 мың азаматтық іс қаралады. Бұл әрине, ауыр жүктеме. Енді жаңа ғимарат пен заманауи талаптарға сай жабдықтар бұл жүктемені жеңілдетуге сеп болып, құлшына еңбек етуге тың серпін бермек.