Зачаган кентіндегі шағын аудандарда арық жүйесі салынуда. Көктем сайын ауласы суға толып, көшесі ми батпаққа айналатын тұрғындардың талап-тілегі билікке жетіп, ауқымды жұмыс қолға алынды. objekt15 Қаланың оңтүстік-батыс бөлігіндегі шағынаудандар тасқын қаупі бар аумаққа жатады. Жыл сайын еріген қар суынан жапа шегетін тұрғындар бұл мәселені есепті кездесулерде сан мәрте көтерген болатын. Осыдан екі жыл бұрын айналма және көше ішілік арық жүйесін салу қолға алынды. Бүгінде Ж.Аймауытов көшесі бойында тасқынның бағытын реттейтін бетон құрылымдар орнатылуда. - Магистральды каналды салып бітірдік. Қазір квартал ішіндегі жұмыстармен айналысудамыз. Бізде қазір 30 адам жұмыс істеуде. 8 техника бар. Бұл жұмыстарды екі айда бітіреміз деп жоспарлап отырмыз, - дейді мердігер компания өкілі НИКОЛАЙ КОЛПАКОВ. Жоба бойынша көшеішілік арықтар арқылы еріген қар суын Орал-Саратов тас жолы бойындағы каналмен Аниськин көліне жеткізу қарастырылған. Құрылыс жұмыстарының барысын жіті қадағалап жүрген тұрғындар да бұл істің тезірек аяқталуын күтуде. - 2002 жылдан бастап үй салып, осы жерде тұрып жатырмын. Көктем кезінде қиын. Жаяу жүруге, балаларды мектепке апаруға жол қатынасы өте нашар. Батпаққа батамыз. Арық салып жатыр, бірақ осы іс ұзап кетті, - дейді шағынаудан тұрғыны Ерболат ҚАЛИЕВ. «Көктем», «Кең дала» және «Арман» шағынаудандарына көктемгі тасқыннан келер қауіпті сейілтуге арналған жұмыстар 2014 жылы басталған болатын. Құрылыстың әлсін-әлсін тоқтайтындығын айтқан тұрғындар бұл істің созбалаңға салынуына алаңдаулы. Мән-жайды білмек болып, тиісті сала мамандарына жолықтық. Белгілі болғаны, жалпы құны 1 млрд 165 млн теңгеден асатын бұл жоба әлі де нақтылану үстінде. Құрылыстың кешеуілдеуінің басты себебі осы. - Қазіргі уақытта жобаға түзету жұмыстары жүргізілуде. Себебі жобада кейбір жұмыстар қарастырылмаған. Мысалы, тұрғын үйлергі кіретін жол бөліктері, - деп түсіндірді Орал қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы Алтай МОЛДАҒАЛИЕВ. Жыл соңына дейін бұл жұмыстарды аяқтау жоспарланып отыр. Тағы бір айта кетерлік мәселе, көше бойындағы арықтар қазірдің өзінде қоқыс салатын орынға айнала бастаған сыңайлы. Қолындағы құты-қалбырын жол жиегіндегі арыққа тастай салуды дағдыға айналдырған тұрғындар өз игіліктері үшін қолға алынған игі істі бағаламай отыр.  
Арман Курманалиев