ТУА БІТТІ АУЫТҚУЛАРМЕН ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН ШАРАНАЛАРДЫҢ ӨМІР СҮРУІ 65%-ҒА АРТҚАН
Соңғы 5 жылда туа бітті ауытқулармен дүниеге келген шараналардың өмір сүруі 14-тен 65%-ға дейін өскен. Сәбилердің өмірін «қолы алтын» хирургтер сақтап қалуда.Жыл сайын облыстық көпбейінді балалар ауруханасында 35-ке тарта күрделі ота жасалады. Ал ас қорытудың атрезиясы диагнозымен жыл басынан бері 2 сәби ауруханаға түскен. Ақ желеңділер мен ата-аналар отадан кейін нәрестелердің денсаулығы түзеліп кетеріне үміттенеді.

Бес жыл бұрын облыстық балалар ауруханасының ашылуы жоғары мамандандырылған көмектің аясын кеңейтті. Бұрынғыдай кішкентай науқастарды Астана мен Алматыға тасып әуре болудың қажеттілігі азайды.Туа бітті ауытқуы бар сәбилердің көрер жарығы көбейді. Мәселен, қатерлі аурулардың бірі - ас қорытудың атрезиясы кезінде шарана дүниеге келген алғашқы сағаттарда-ақ немесе сол тәулікте ота жасалуы керек. Переметное ауылында туған Матвей үшін әр сағат алтыннан да бағалы еді.Сәбиі үшін жанын шүберекке түйген анасы нәрестені үш күннен кейін қалаға жеткізген.
- Балам ішкен асын кері шығарып, тамақты қабылдамады. Сосын мен ауылдық педиатрды шақыртып, ол бізді осында әкелді. Мұнда дәрігерлер қарап, туа бітті ауытқуды анықтады. Ота ұзақ жасалды. Қазір баламның жағдайы қалыпты, бірақ, әрине, оңай емес. Тек екі апта болды ғой туғанына. Дәрігерлердің арқасында аман қалды, - дейді Маргарита ХУРТИНА.
Матвейді қазір палатаға ауыстырған. Осындай диагнозы бар тағы бір сәби жасалған отадан кейін жансақтау бөлмесінде жатыр. Хирургтар олардың аяқтан тұрып кетеріне үмітті. Жылына ақ желеңділер 35-ке тарта сәбиді өлім аузынан алып қалады. Бір өкініштісі, уақыт өткен сайын туа бітті аурулардың түрі де күрделене түскен.
- Баланы Алматы немесе Астанаға жеткізудің мүмкіндігі әркез бола бермейді. Сондықтан бұл оталарды осында жасауды меңгердік. Мәселен, диафрагмалық гриж, ас қорытудың атрезиясы деген диагноздарда өте күрделі оталар жасалады. Өкініштісі, дүниеге жаңа келіп, пышаққа түскендіктен кей жағдайда нәрестелер көз жұмып жатады. Оталар қайталанатын жағдайлар болады. Әйткенмен, туа бітті ауруларымен дүниеге келген шараналардың өмір сүруі 2010 жылы 14 пайызды құраса, өткен жылы бұл көрсеткіш 65%-ға жетті, - дейді БҚО көпбейінді балалар ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Валентин ХАРЬКИН.
Соңғы 5 жылда тек 6 бала ғана республикалық орталықтарға жіберілген. Қалған ондаған сәбиге осында ота жасалып, қолы алтын дәрігерлердің көмегімен сауығып кетуде.