«Жағдайы нашар отбасы» жедел-алдын алу шарасы кезінде көше кезіп, бұзақылық жасаған 40 жасөспірім құрықталды. Тұрмысы төмен 14 отбасы анықталды. Бүгін тілшілер де тәртіп сақшыларымен бірге шиеттей балаларын адам төзгісіз жағдайды өсіріп отырған жанұяларды көріп қайтты. Көздері жәудіреген балалар неліктен саяжайды паналуға мәжбүр? tenge Табалдырық аттағаннан-ақ қолқаны қапқан күлімсі иіс бұл үйден тазалықтың ауылы алыс екенінен хабар береді. Құрқылтайдың ұясындай қуықтай бөлмеде үш бала келген қонақтарға аңтарыла қарайды. Тіпті қуана шауып жүр. Жуылмаған ыдыс-аяқ, жиылмаған төсек-орын оларды әзір алаңдатпайтын секілді. Балалардың алды 5-те, кішісі 2-де. 28 жасар Светлананың бұл үйді, дәлірек айтқанда бұрын саяжай қауымдастығының кеңсесі болған орынжайды паналағанына бір жыл болған. - Бұрын осы саяжайда күзетші болдым. Қазір жұмыссызбын. Көзімнің алдын ағаш шауып, көгертіп алдым. Бірінші жолдасымнан төрт балам бар. Үлкені 7 жасар, әжесімен тұрады. Мына үйді жалдап тұрамыз. Тұрғын үй кезегінде жоқпыз. Енді тұру керек. Балабақша кезегінде де тұрған жоқпын, - дейді СВЕТЛАНА ТЕЛЯТОВА. Светлана мұнда тәжік азаматы Жұма Раджапұлымен азаматтық некеде тұрып жатыр. Отағасының заңды екінші жұбайы да осында. Төсекке таңылған әйел 1 топ мүгедегі. Балалардың өгей әкесі қазір жұмыссыз. - Оралға 1995 жылы келдім. Бірінші әйелімнен 6 балам бар. Ажырастым. Қазіргі екінші әйелім, міне, ауырады. 10 жыл болды мүгедек болғанына. Ал Светланамен көңіл жарастырып, бірге тұрып жатырмыз. Ол мүгедек әйеліме де қарайды. Азаматтығым жоқ. Уақытша құжатым бар. Жалданып жұмыс істеймін. Қазір әзірге жұмыссызбын. Әйелімнің жәрдемақысына күн көреміз, - дейді ЖҰМА ГУЛМАТОВ. Тәртіп сақшылары есік қаққан екінші баспана иелері қонақжайлық танытпады. Инспектордың айтуынша, мұнда бір әйел 4 баласымен және азаматтық некедегі жарымен тұрып жатыр. Мектеп жасындағы балалар қазір сабақта. - Тұрмысы нашар осындай отбасыларды өзіміз анықтаймыз. Мына отбасылар қаладан саяжай аумағына жақында көшіп келген. Ата-ананың екеуі де жұмыссыз. Балалары №17 мектепте оқиды. Біз бұларды есепке аламыз. Құжаттарын рәсімдеуге көмектесеміз. Жалпы менің қарауымдағы саяжай аумағында жағдайы нашар 15 отбасы бар. Жедел алдын алу шарасы барысында тағы 2 отбасы анықталды, - дейді учаске инспекторы СЕМЖАН ЕСЕРКЕНОВ. Жергілікті инспекторлар қолда бар мәліметті кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссия қарауына жібереді. Екі күндік жедел-алдын алу шарасының нәтижесінде жағдайы нашар жаңадан 14 отбасы анықталған. Бұған дейін олардың саны 70 еді. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, «Жағдайы нашар отбасы» жедел алдын алу шарасының барысында әкімшілік құқықбұзушылық жасаған 40 жасөспірім жергілікті полиция қызметі бөліміне жеткізілген. Заңды өкілдерсіз түн ортасында көшеде жүрген 30-дан астам кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталғңан. Шара барысында өз міндеттерін орындамаған 5 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Үлкендердің жауапсыздығынан жарытып тамақ ішпей, жарқырап киім кимей өскен балалардың жағдайымен қазір құзырлы орындар айналысуда.  
Арман Курманалиев