Елімізде тұңғыш рет сал ауруына шалдыққан балаларға арналған жаңа жиһаз шығарыла бастады. Жаңа өнімнің авторы - тек біздің өңірге ғана емес, елімізге танымал кәсіпкер, І топ мүгедегіБіржан Қожақов. Ең қуантарлығы, кәсіпкер Рамазан айында осындай арнайы құрылғыларды ауру балаларға арналған 4 мекеме-ұйымға тегін тарту етті. Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов «Ғибадат» ЖШС-нде болып, елімізде алғаш рет қолға алынған жаңа өнім түрімен танысты. Және мемлекеттік-жекеншік серіктестік аясында кәсіпкерге жаңа станоктың құжатын табыс етті. gibadat-5 Мүгедекпін деп мойымаған, керісінше, қол-аяғы балғадай замандастарына үлгі болған кәсіпкер Біржан Қожақов жаңа кәсіптің кілтін тапты. «Ғибадат» цехында сал ауруына шалдыққан балаларға арналған арнайы жиһаз шығарыла бастады. Мұндай құрылғылар біздің елде жасалмайды екен. Тек шетелден әкелінеді. Жаңа бұйымдарды шығару жайлы идея кәсіпкерге Астанада іссапарда жүргенде келген. Дәрігерлермен кеңесіп алған соң, тың бұйымдардың алғашқы легі өндіріле бастайды. Және елде жоқ арнайы жиһаздың бағасы шетелдік өнімге қарағанда он есе арзан. Вертикализатор деп аталатын құрылғылардың құны, мәселен Ресейде 225 мыңнан - 1 млн теңге аралығында. Ал мұнда науқастың жас ерекшелігіне сай жиһаз бағасы 35 мыңнан 400 мың теңге шамасында. Ең қуанарлығы, кәсіпкер қасиетті Рамазан айында арнайы жиһаздарды ауру балаларға арналған 4 мекеме-ұйымға тегін тарту етті. Арнайы жиһаздар - тірек-қимыл жүйесі бұзылған балаларға таптырмайтын құрал. Төсекке таңылып, сіңірі тартып қалған жандар осы құрылғы арқылы жаттықтырылса, жүре-бара оңалып, тіпті жүріп кетуі де ғажап емес дейді мамандар. Біздің өңірде 2500 мүгедек-бала бар екен. Солардың 1000-ға жуығы сал ауруына шалдыққандар санатынан. Оларға дем беріп, арнайы жиһаздың түрі мен көлемін көбейту үшін кәсіпкер әкімшіліктен заманауи станоктың қажет екенін айтқан екен. Бүгін облыс әкімі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі арқылы Біржан Қожақовқа жаңа станоктың құжатын табыс етті. Кәсіпкерге «UNISERV» компаниясындағы әріптестері көмектесті. Жылма-жыл мемлекет осындай арнайы құрылғылдарды шетелден алдыру үшін 4 млрд теңге шығындалады екен. «Егер біз мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізсек, біздің өніміміз де өтіп, бюджет қаржысы да үнемделер еді» дейді кәсіпкер Біржан Қожақов. Жаны жомарт жан сондай-ақ ауру баласы бар ата-аналарға жыл сайын 20-30 жиһазды тегін беруді мақсат еткен. Әрі қарамағындағы қызметкерлерге де қамқор болуды ұмытпайды. Қазір 17 мүгедекті жұмыспен қамтып отыр. Бүгін тегін берілген су жаңа жиһаздардың алғашқы легіқапталып, көлікке тиеліп Сырым ауданына жөнелтілді. Арнайы құрылғылар «Нұр шуағы» қоғамдық бірлестігіне қарасты ондаған мүгедектің жанына шипа, дертіне дауа болмақ.  
Арман Курманалиев