ПАРТИЯЛЫҚТАР ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ САПАСЫН БАҚЫЛАУҒА АЛДЫ
Біздің облыстан «Нұрлы жол» бағдарламасына енген жобаның бірегейі - «Орал-Тасқала-Озинки» күрежолының құрылысы. Ұзындығы 100 шақырымдық жобаның жалпы құны – 23 млрд теңге. Құрылысқа қаржы Ұлттық қордан бөлінуде. Қомақты қаржының тиімді жұмсалуын бұдан былай «Нұр Отан» партиясы жанындағы комиссия өкілдері бақыламақ. Кеше комиссия мүшелері аталған тасжолдың құрылыс жұмыстарымен танысып, өз бағасын берді.

Халықаралық маңызы бар күрежолдың бойында қайнаған еңбек. Екі участокке бөлінген жол құрылысының бірінде қазір асфальт-бетонды төсемнің үстіңгі қабаты төселуде. Биыл Орал қаласынан Переметное ауылына дейінгі аралық пен Мерей ауылынан Тасқалаға дейінгі 27 шақырым жолды күрделі жөндеу көзделген.
Қара жол құрылысында өңірде ғана емес, елімізде тұңғыш рет тың әдіс-тәсіл қолданылуда.
- Геотекстиль деп аталатын төсем жолдың төзімділігін арттырса, ал арнайы асфальт-бетонды қабат су өткізбейді, аязға да шыдамды – дейді «UNISERV» компаниясының бас директоры Нұрғазы СӘТБАЕВ. - Жолға төселетін геотекстиль жолдың пайдаланылу мерзімін ұзартады. Яғни жердің қатпары мен үстіңгі қабаттың бұзылуы баяу жүреді. Екіншіден, біз осы жылы үстіңгі қабатқа ШМА, яғни қиыршықты-мастикалық асфальт-бетон төсей бастадық. Бұл елімізде бірінші рет қолданылып отырған тың әдіс. Бұл құбылмалы ауа райына төзімділікті арттырып, жүк көліктерінің салмақ мөлшерін де ұлғайтады.
Жол құрылысына 5 сатылы бақылау жүргізілуде. «ҚазАвтоЖол», техникалық қадағалау, жол зертханасы, мердігердің өз сапа бақылауы, авторлық қадағалау да жұмыстың сапалы орындалуына сеп болмақ. Партиялық бақылау жасаған комиссия өкілдері де жұмыс барысына өз бағасын берді.
- Бүгін байқап көргеніміздей жұмыс кестеге сай жүргізілуде. Жаңа технологиялар қолданылуда. Сапа да бақылауда. Мамырда жауын-шашын көп болып, кестеден сәл қалып қойып еді. Қазір бәрі орнына келген. Жұмысқа көңіліміз толады, - дейді «Нұр Отан» партиясы жанындағы комиссияның төрағасы Аветик АМИРХАНЯН.
Бұл жолдың бір ерекшелігі – әр шақырым сайын су өткізгіш құбырлар болу керек. Комиссия мүшелері бұл міндеттің де уақытылы орындалып жатқанына көз жеткізді. Қазіргідей ми қайнатар ыстықта жұмыс істеу оңай емес. Дегенмен де жолшылар қызметіне барлық жағдай жасалған. Қазір құрылыс басында 200-дей адам еңбек етеді. Олардың дені жол бойындағы ауылдардан жұмысқа алынған.
Партиялық бақылаудың келісі бір бұл емес. Қадағалау бұдан әрі де жалғасады. Жалпы күрежол құрылысы 2018 жылы аяқталады деп жоспарлануда.