Оралдық жас түлек Малика Наурызбай ұлттық бірыңғай тестілеуден 135 балл жинады. Бұл көрсеткіш облыс бойынша күні бүгінге дейінгі ең жоғарғы деп бағаланыпты. Бұл туралы облыстық білім басқармасы хабарлады. 

Малика — облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернатында білім алған. Ол жетінші сыныптан бері химия-биология бағытында оқыған. 

Естеріңізге сала кетейік, биыл ҰБТ-ға 12 сәуірден бастап өтініш қабылдау басталды. Тестілеудің өзі 16 мамырда басталып, бесінші шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады.