Бұралқы иттердің лаңы қалалықтардың мазасын алды. Соңғы кезде иттің адамға шауып, қауып алу оқиғалары жиілеп кетті. Тұрғындардың наразылығын тыңдап, қаңғыбас иттерді аулаумен қалалық ветеринарлық стансасы айналысады. Бұл мекеме жыл басынан бері 1 500-ге жуық бұралқы иттің көзін құртқан. Алайда ит аулаушылардың жұмысына кедергі келтіретіндер де бар екен. sobachi-pitomnik-14 Қалада қаңғыбас иттер қаптап кетті. Тек жүрсе ештеңе емес, көлденең адамға шауып, қабатындары көбейді. Әсіресе, балаларға қауіп. Жағдайды ушықтырмау үшін бұралқы иттерді аулап, көзін жою керек дейді тұрғындар. - Үйлердің арасымен жүру қауіп. Бос жүргендері тістеп алудан тайынбайды. Егер иелері болса, байлаулы болуы керек. Жіберсе де тұмсыққап кигізіп, жіберуі керек. Қасында адам болғаны дұрыс. Ал бұралқы иттерді ату керек, - дейді қала тұрғыны Қайрат АХАТОВ. Алайда оралдықтардың бәрі бірдей бұл пікірді қоштамайды. Бастарына іс түспеген тұрғындар ит аулаушылардың ісіне қарсы болып, олардың техникасын бүлдіріп, өздерін қарғап-сілеп кететіндер бар екен. Біз бұған бүгінгі рейд барысында куә болдық. Бұралқы иттер мазасын алған тұрғындардан күніне 25-30 қоңырау түседі екен. Ветеринарлық станса қызметкерлері күніне 15-тен 40-қа дейін ит ұстайды. Өткен жылы бөлінген 21 млн теңгеге 6 мыңнан астам ит ауланған. Ал жыл басынан бері 1 мың жарымдай иттің көзі жойылған. Алайда сұраныстың бәрін өтеуге үлгере алмаймыз дейді ит аулаушылар. - Мекемеде 25 адам жұмыс істейді. Соның 10-ы ит аулаушылар. Екі автоклікпен жұмыс жасап жатыр. Бірақ қала үлкен. Сұраныс көп. Техника жетіспейді. Дәрімен атуға қазір тыйым салды. Сондықтан мылтықпен ата алмаймыз. Тек қана қолмен аулаймыз. Бірақ бұл қиын іс. Сол себепті бізге заң керек, - дейді қалалық ветеринарлық станциясы директорының міндетін атқарушыАбылай МҰҚАЕВ Ауланған иттерді Круглоозерный кентіндегі тұраққа апарып қамайды. Егер үш күннің ішінде иелері табылмаса, дәрімен улап, көзін құртады. Алайда тек қаңғыбас қана емес, иесі бар иттерден де келер қауіп көп. Жақында ғана қожайыны бар иттің бір баланы қауып, құлағын тістеп жұлып алғаны жайлы оқиға көпшіліктің жағасын ұстатты. Қабаған жануарларын бос жіберіп қойып қарап отыратын тұрғындар жауапкершілікке тартылады. - Жыл басынан бері Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 408-бабына, яғни ит пен мысықты асырау ережелерін бұзушылыққа сәйкес 290 дерек тіркеліп, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 4 факті бойынша әрқайсысына 25 452 теңге көлемінде айппұл төлеу туралы қаулы шығарылды. Ал жеке тұлғалардың денсаулығы мен мүлкіне залал келтіру фактісі бойынша жыл басынан бері 6 бұзушылық тіркеліп, 116 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, - дейді Абай полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы Берік ТІЛЕУЛИЕВ. Жаңа ережеге сай иесі бар иттердің өз ветеринарлық төлқұжаты болуы шарт. Итті жеті қазына деп білетін жандар олар үшін жауапты екендіктерін жадынан шығармауы тиіс. Өйткені ит қашан да иттігін жасайды.  
Арман Курманалиев