Келесі оқу жылынан бастап оқушылар түгел бірыңғай мектеп формасын киюі керек. Киім үлгісінің түсі мен пішіні 25 мамырға дейін бекітілуі тиіс. Бұл шаруамен қазір мұғалімдер мен ата-аналар комитетінің өкілдері айналысуда. Бүгін олар үшін «Мектеп формасы — 2016» көрмесі ұйымдастырылды. Шарада жергілікті кәсіпкерлер көпшілікке төл өнімдерін ұсынды. shkolnaya-forma Мектепке бірыңғай киім үлгісінің қажеттілігі жайлы көптен айтылып жүр. Енді бұл ұсыныс нақты іске айналып, 1 қыркүйектен бастап мектеп формасы барлық оқушыға міндеттеледі. Бұл білім министрлігінің қаңтарда жарияланған бұйрығына сәйкес орындалмақ. Бүгінде мектеп формасы өңірдің 138 мектебінде енгізілген. Енді қалған 350-ден астам білім ошағында бұл талап жүзеге асуы тиіс. - Мектеп формасының түрі-түсі ата-аналар келісімімен шешіледі. Ата-аналар жиналысында осы бағытта түсіндіру жұмыстары жүруде. Барлық мектепте киім үлгісінің түсі мен пішіні 25 мамырға дейін бекітілуі тиіс, - дейді БҚО білім басқармасының бөлім басшысы Светлана ТЕМІРҒАЛИЕВА. Мектеп формасы мәселесі білім беру ұйымдарындағы қоғамдық кеңестерде қаралып жатыр. Кеңес құрамына мұғалімдер мен ата-аналар комитетінің өкілдері енген. Олар өз ұсыныс-пікірлерін айтып, ортақ шешім қабылдауы тиіс. Білім ордасындағы ұл-қыз ала-құла болып жүрмеуі керек. Мектеп формасы оқушыларды тәртіпке салып, білім беру ұйымының мәртебесін асырады. Психологиялық жайсыздықты жеңеді дейді мамандар. Ал отандық кәсіпкерлер ыңғайлы әрі әдемі киім үлгілерін шығаруға әзір екендіктерін айтады. Бүгінгі көрмеде жергілікті 9 кәсіпорын төл өнімдерін көпшілікке ұсынды. - Біздің киім үлгілеріміз сапалы әрі бағасы шетелден келетін өнімдерден әлдеқайда арзан. Біз де осы нарықта жұмыс істегіміз келеді. Және №6 мектепке қарасты тұрмысы төмен отбасылардың балаларына қайырымдылық жасауға уағдаластық. - Бұл жеке тігін фабрикасының директорыАхат САҚЫПКЕРЕЕВТІҢ пікірі. Көрмені аудан мен қаладан келген300 адам тамашалады. Ата-аналарға жергілікті кәсіпкерлердің өнімін таңдауға кеңес берілді. Мамандар мектеп формасын енгізу шарасы еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің дамуына да тың серпіліс әкелер еді дейді. Елімізде 202500 оқушы болса, олардың әрқайсысына 15 мың теңгенің киім жабдығы керек. Бұл 17 млрд теңге тауар айналымын құрайды.   Арман Курманалиев