Кәсіпкерлікті дамытудың аймақтық картасы. Бүгін Оралда осындай атаумен тың жоба таныстырылды. Сайт түріндегі ғаламтор ресурсының авторы - «Атамекен» ұлттық палатасы. Аймақтық картада Қазақстан бизнесі жайлы барлық ақпарат бар. Бірегей жобаны таныстыру үшін бүгін өңірге ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов келді. Ол жоба жайлы жан-жақты мағлұмат беріп қана қоймай, іскер азаматтарды толғандырған сауалдарға да жауап берді. IMG_2903-800x600 «Ақпараты бар адам әлемді билейді». Бизнестің өрге басуы үшін де сапалы ақпарат керек. Осы орайда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аймақтық карта деп аталатын тың жобасы - кәсіпкерлерге арналған таптырмайтын құрал дейді сайт авторлары. Businessmap.kz мекенжайындағы карта бір жыл бойына жасалған. Оның жарыққа шығуына біздің өңірлік палата да атсалысыпты. Аймақтық картада құр ақпар емес, елдің барлық өңірінің географиялық жағдайы, су қоры, пайдалы қазбалары жайлы талдау берілген. - Бұл карта бизнеске ең басты 4 сұрақ бойынша ақпарат береді. Не өндіру керек? Қайда өндіру керек? Кімге және кіммен өндіру керек? Бұрын қалай болды. Мәселен, сіздің қаржыңыз бар. Бір нәрсе жасағыңыз келеді. Бірақ сізге ақпарат керек. Белгілі бір аймақтың жағдайы қандай? Бәсекелестеріңіз бар ма? Өнімді қайда сатасыз? Шикізат қайдан аласыз? Бұл сұрақтарға жауап табу қиын. Амал жоқ, сол бір аймаққа аяқтай барасыз, басшылармен кездесесіз. Ал бұл қып-қызыл шығын. Енді осы сайт арқылы үйіңізде отырып, еліміздің кез келген өңірі жайлы толық мағлұмат алуға болады, - деп таныстырды ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Төлеміс ШОТАНОВ. Картаға 16 аймақ еніпті. Мұнда кәсіпкерліктің барлық саласы жайлы толық мағлұмат бар. Тіпті бизнеске жағдай жасау, мемлекеттік қолдау, инвестициялық жобалар жайлы терең зерттеу бар. Елімізде тұңғыш рет жасалып отырған бұл картаның ең басты артықшылығы, сайттың тегін әрі мәліметтердің қолжетімді болуында. Сайт тілі әзірге орыс және ағылшын тілдерінде. Келешекте қазақ және қытай тілдерінде жұмыс істемек. Картаның ең басты көздегені – өңірлерге инвестиция тарту. Біздің облыс бұл сайтта мұнайгаз, машина жасау, агроөнеркәсіп, туризм және білім салалары бойынша басымдық берілген аймақ ретінде көрсетілген. - Бұл картаны жасау былтырдан бастап қолға алынды. Мен де қатыстым бұл жобаға. Өз ұсыныстарымды айттым. Олар да аяқсыз қалмаған екен. Әрине, мұндай бірыңғай сайт, бірыңғай карта керек еді. Мысалы, белгілі бір бизнес саласы жайлы ақпарат іздесең, бүкіл ғаламторды шарлап кетесің. Іздегеніңді табу қиын. Қыруар уақыт кетеді. Ал мұнда барлық мәлімет бар. Ең бастысы, бұл сайттың инвестициялық жобаларды дамытуға көп көмегі болады деп сенемін. Шетелден немесе көрші облыстардан инвесторлардың келуіне зор ықпал етеді, - дейді БҚО әкімінің орынбасары Игорь СТЕКСОВ. Сайттың тісқақты іскер азаматтарға да, жас кәсіпкерлерге де берері мол. Картаға қызығушылық танытқан олар өздерін толғандырған өзекті сауалдарын жолдап, ұсыныстарын айтты.  
Арман Курманалиев