Иесіз үйлерге енді жылу берілмейді. Пәтер иелері кооперативінің қарауында жоқ немесе жауапты тұлғалары сайланбаған көпқабатты үйлердің тұрғындарына қалалық әкімдік пен коммуналдық қызмет өкілдері осындай талап қойды.Бас-көзсіз қалған баспаналардың берешек қарызы да шаш-етектен. Орал қаласында осындай 319 иесіз үй бар. Қазір тиісті сала мамандары тұрғындарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ықсанов көшесіндегі 44/1-үй. Қаланың қақ ортасындағы үйдің сиқы сын көтермейді. Кір-қожалақ қабырға мен жұлынған есік, сынған терезелі баспана жұртта қалғандай әсер етеді. Алайда мұнда да адам тұрады екен. Дені пәтер жалдаушылар. Әрқайсысының жылуға берешек қарызы жүз мыңдап саналады. Жылыту маусымына дайындық жүргізуге де құлықсыз. dom-11 - Бұл үй өткен жылы қысқы жылыту маусымына дайындық шараларын жүргізбеген. Жылыту жүйесіне жауапты тұлғалар жоқ. Қазір қала бойынша пәтер иелері кооперативі жоқ тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, - дейді Орал қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Радмир ЖАСЕНОВ. Пәтер иелері кооперативінің қарауында жоқ бұл үйді әлі де жөндеп, қалпына келтіруге болады дейді мамандар. Ол үшін тұрғындар өз арасынан жауапты тұлға сайлау керек. Сол тұлға жылыту маусымына дайындық жұмысына да жауапты болып, берешектерді өндіруге атсалысқаны жөн. Өйтпеген күнде қараусыз үйлерге жылу беру тоқтатылады. - Қала басшылығына мұндай үйлерге жылуды мүлдем бермеу туралы мәселе қоямыз. Өйткені біз тек шығын көріп отырмыз. Жылу берген күннің өзінде ол сынған терезе мен жұлынған есіктен далаға шығып ысырап болады.Әрі қарыздарын да өтемейді. Бүгінде біздің 630 млн теңге дебьюторлық қарызымыз бар. Осындай борышкерлердің кесірінен қазір «ҚазТрансГазАймақ» бізді сотқа беріп отыр, - деп күйінеді «ЖАЙЫҚЖЫЛУҚУАТ» АҚ коммерциялық директоры Вячеслав СОЛОДИЛОВ. Зачаганск кентіне қарасты 4-желі көшесі 26 үйде де тап осындай күй. Жылыту маусымына дайындық жүргізілмеген. Қарыз шаш-етектен. Шаһар бойынша осындай 319 иесіз үй бар екен. «Қыс қамыңды, жаз ойла» деген. Егер тұрғындар жақын арада үйге жауапты тұлғаны бекітпесе, қыста жылусыз қалуы ғажап емес.  
Арман Курманалиев