Бүгін Орал қаласының 2016-2020 жылдарға арналған стратегиялық даму бағдарламасының жобасы таныстырылды. Қаланың даму жоспары бұған дейін де бірнеше рет қоғамдық кеңестерде қаралып, кем-кетігі түзелген еді. Бұл жолы да қоғамдық кеңес мүшелері, депуттаттар, қоғамдық ұйым өкілдері бағдарламаны талқылап, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. genplan_uralsk Орал қаласы –еліміздің батыс қақпасы. Еуропа мен Азияның тоғысқан нүктесі әрі елдегі ең жасыл қалалардың бірі. Елбасы биылғы сапарында Оралды еліміздің баға жетпес інжу-маржанына теңеді. Енді осы межеден түспей, әрі қарай да жақсы есімнің қадірін арттыру үшін шаһардың даму жоспары да осал болмауы тиіс. Қала әкімі Нариман Төреғалиев қоғамдық жұртшылық алдында стратегиялық даму бағдарламасының жобасымен таныстырды. Шаһардың 2020 жылға дейінгі даму өлшеміне 6 бағыт бойынша 30 көрсеткіш негізделген. Даму өлшемдерінің өзге де көрсеткіштеріне тоқталсақ, қазір орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау үлесі 87 пайыз, мұны 2020 жылға дейін 100 пайызға жеткізу көзделген. Жолдың қанағаттанарлық жағдайын қазіргі 55 пайыздан, 61,5-ке көтеру жоспарланған. Шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің санын 24 мыңнан 25 мыңға жеткізу, сондай-ақ бөлшек сауда тауар айналымының, инвестиция, салық түсімдерінің көлемін ұлғайту да межеленген. Сауалнамаға қатысқан қалалықтардың тек 40 пайызы полицияға сенетіндерін айтқан. Бұл көрсеткішті 20-жылға дейін 75 пайызға жеткіземіз дейді шаһар басшысы. Қазір қала халқының өмір сүру ұзақтығы 71 жас. 4 жылдан кейін оралдықтар 4 жасқа ұзағырақ өмір сүрмек, яғни орташа жас 75,6-ны құрайды дейді мамандар. 2020-да бүлдіршіндер балабақшамен 100 пайыз қамтылады екен. Спортты серік еткен жандар да көбейіп, халықтың 31,5 пайызын құрамақ. Қазір ертегідей көрінгенмен, бұл бірнеше жылдан кейін сіз бен біз куә болатын игіліктер деп сендірді қала әкімі. Бағдарламаның басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Ол үшін келешекте инженерлік желілер, жол, тұрғын үй құрылысы мәселелері біртіндеп шешімін таппақ. Тың жаңалық - көліктік-логистикалық инфрақұрылым жобасы. Шаһарды келешекте 5 ауданға бөліп дамыту жоспарланған. Оның бірі – орталық тарихи бөлігіндегі Достық даңғылын жауып, туризм нысанына айналдыратын жоспар бар. Жалпы дамудың 8 басымдылығы айқындалған. Жобада қаланың қым-қуат тірлігінің бірде-бір тармағы тыс қалмапты. Әкімнің жоспарын тыңдаған жұртшылық өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Орал – еліміздің ең жасыл, экологиялық таза қаласы. Бұл – стратегиялық жоспардың басты ұстанымы. Осы идеяны әрі қарай да пісіріп жетілдіру міндет. Және жобада белсенді тұрғын деген басымдылық бар. Сондықтан бұл жоспардың жүзеге асуына әр азамат атсалысып, үн қосуы ауадай қажет. Әзірге жоба күйіндегі жоспар қалалық мәслихат сессиясында бекітілетін болады.  
Арман Курманалиев