Батыс Қазақстан облысы мәслихатының кезекті сессиясында аймақ бюджеті нақтыланды. Облыстың бас қаржыгері Нұрлан Есенғалиев 2025-2027 жылдарға арналған облыс бюджетіне өзгерістерді жіпке тізді. Бөлудің жалпы сомасы 5,8 миллиард теңгені құрады. Өзгерістердің нәтижесінде аймақ бюджеті 535 миллиард теңге болды. Қыруар қаражаттың 1,2 миллиард теңгесі әлеуметтік салаға бағытталмақ.
— Шығыстар ауылдық жерлерге және қалаға жіберілетін медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға – 499,8 миллион теңге, денсаулық сақтау ұйымдарына медициналық жабдықтар сатып алуға – 183,8 миллион теңге, мәдениет саласына 500 миллион теңге бағыттау жоспарлануда, — деді Батыс Қазақстан облысы қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев.
Бұдан өзге, бюджет қаражаты қоршаған ортаны қорғауға – 256,8 миллион теңге бағыттау жоспарланыпты. Соның ішінде, Жайық өзені жағалауын бекіту бойынша екі нысан құрылыстарын аяқтауға бағытталмақ. Облыстық бюджет қаржысының 3,2 миллиард теңгесі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына арналған.
— Ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздерi болып табылатын сумен жабдықтаудың аса маңызды топтық және жергілікті жүйелерiнен ауыз су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялауға – 85,7 миллион теңге, Ақжайық және Казталов аудандарында денсаулық сақтау саласы мамандарына арналған қызметтік үй сатып алуға – 249,4 миллион теңге, облыс бойынша «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы шеңберінде Тасқала және Казталов аудандарында тұрғын үй сатып алуға – 255 миллион теңге, Сырым ауданында кезекте тұрған жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтары үшін пәтерлер сатып алуға – бір миллиард теңге, Орал қаласының «Ақжайық» егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарының екі көппәтерлі тұрғын үй кешенін (№4 үй, №5 үй) салуды жалғастыру және Орал қаласындағы №42 белгі көппәтерлі тұрғын үй құрылысын аяқтауға – 1,6 миллирад теңге бағыттау жоспарлануда, — деп хабарлады облыстық қаржы басқармасының басшысы.
Облыстық бюджеттің бір миллиард теңгесі көлік инфрақұрылымын қаржыландыруға арналмақ.
Мәслихат сессиясында өңір басшысының орынбасары Тілепберген Каюпов соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысында атқарылған жұмыстарды тіпке тізді.
Депутаттар алдында аймақ басшысы да есеп берді. Ол биылғы президент жолдауы мен премьер-министр жүктеген тапсырманы орындаудың жай-жапсарына тоқталды.
— Тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қою мақсатында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында тәулік бойы бізде iKOMEK109 бірыңғай call орталығы жұмыс істейді. Осы жобаның негізгі әсері коммуналдық кәсіпорындардан ақпарат пен қызметтер алу кезінде халық үшін ыңғайлы, халықтың өтініштерін жөндеу уақытын қысқарту болып табылады. Сондай-ақ 2024 Smart Data Ukimet ақпараттық талдау платформасымен интеграция бойынша арнайы жұмыстар жүргізілді. Қазіргі таңда call орталықта жасанды интеллект функциясын қосу жұмыстары жүргізілуде. Яғни, бұл функцияны қосқан кезде, тұрғындардан келіп түсетін қоңырауға робот автоматты түрде жауап беру мүмкіндігі қарастырылған болады. Бұл функцияны қосу арқылы халыққа жедел жауап берілетін болады. Қауіпсіздік саласында бейнебақылау жүйесін кеңейту аясында биылғы жылы біз Орал қаласында жасанды интеллект функциясымен 300 бейнекамераны орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, орман өрт қауіпсіздігін алдын алу және өртті ерте анықтау мақсатында жасанды интеллект функциясымен он бейнекамера орнатылды. Денсаулық сақтау саласы бойынша №2 емханада жасанды интеллект функциясымен халыққа автоматты түрде қоңырау шалу бойынша жаңадан жүйе енгізілді, — деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Сондай-ақ, мәслихат сессиясында 2025-2027 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, жер комиссиясының құрамына өзгерді.

