Батыс Қазақстан облысындағы ауыл тұрғындары интернет-алаяқтардың құрбаны болып, екі жылдан кейін ақшаларын қайтара алды. Ауыл тұрғындарына заңгерлік көмекті «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының медиаторы мен заңгері көрсетті. Жоба президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорының қаржылық қолдауымен және денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе жүзеге асырылуда.
Ауылдың он тұрғыны WhatsApp мессенджері арқылы тауар сатып алғысы келіп, алаяқтардың құрығына түскен. Ақшаны аударғаннан кейін сатушылар байланысқа шықпай, сатып алушыларды бұғаттап тастаған.
Ұзақ уақыт бойы зардап шеккендер өз құқықтарын қорғау үшін қайда жүгінетіндерін білмеген. Мәселенінің шешімі «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жобасы аясында көрсетілген тегін заңгерлік көмектің арқасында табылды.
Пойыздың заңгері консультациялар өткізіп, сотқа дейінгі талап-арыздар мен шағымдарды жасауға көмектесті. Сот талқылауының нәтижесінде тараптар сот бекіткен медиативтік келісімге келді. Құжатқа сәйкес, сатушы зардап шеккендерге келтірілген шығынды өтеуге міндетті.
Жүгінушілердің төртеуіне ақшасын қайтару процесі басталды. Тағы алты іс қаралуда: сотқа дейінгі талап-арыздар жіберілді, ал мемлекеттік баж төленгеннен кейін талап-арыз шағымдары әзірленеді.
–Біздің міндетіміз – шалғай ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар оларға жоғары білікті мамандардың заңгерлік және медиативтік қолдауын көрсету. Интернет-алаяқтық салдарымен тұрғындар жиі жүгінеді. Өкінішке орай, көптеген адам үмітін үзіп, заңгерлерге көмек сұрап бармайды. БҚО-дағы бұл жағдай – мамандардың кәсіби жұмысының арқасында адамдар өз құқықтарын қорғай алатындығының дәлелі. Біз азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруды және олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесуді жалғастырамыз, – деді «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының бас директоры Альфия Адиева.
Медициналық пойыз өңірде 27 маусым мен 10 шілде аралығында жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде 7462 адам тегін көмек алды, олардың 7087-сі медициналық қызметке жүгінген. Әрбір үшінші пациент – бала.