Халықаралық волонтерлер күніне орай Азаматтық орталықтың бастамасымен «Біз таңдаған жол» тақырыбында ұйымдастырылған шараларды қорытындылау шарасы өтті. Махамбет ауданындағы «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында ұйымдастырылған басқосуға Атырау қаласынан және облысқа қарасты 7 ауданнан 40-қа жуық күміс волонтер қатысты.

Шара аясында  «Біз таңдаған жол: жақсылыққа бағыт» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылды. Тренингті журналист, медиа-тренер, 2020 жылдан ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе, БҚО бойынша штаттан тыс тренері Салтанат Оңғар өткізді. Ол көшбасшылық, эмоционалдық интеллект, сенімді сөйлеу, келісімшарт, тиімді коммуникация, харизма, дағдарыс кезіндегі коммуникация бағыттарында шеберлік сағатын жүргізіп, командамен жұмыс жасау және волонтерлік бастамаларды ілгерілету бойынша тәжірибесімен бөлісті. 

Өңірдегі волонтерлік қозғалыстың дамуына серпін беру, қатысушылардың кәсіби дағдыларын жетілдіру және қоғамдағы волонтерлік қызметтің маңызын арттыру мақсатында өткен жиын барысында «Үздік күміс волонтер» жобасының жеңімпаздары да марапатталды. Сонымен қатар, шара қатысушыларына арнайы сертификат табысталды. Тренингтен соң күміс волонтерлер «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына экскурсия жасап, археологиялық, этнографиялық мұралармен танысты. Сондай-ақ, еріктілер музей аумағындағы хандар пантеоны мемориалды кешенін, археологиялық қазба орындары жұмыстарынан алынған жәдігерлерді көріп, жаңғыртылған орталықтағы көрме залдарын аралады.