Биыл Құрбан-айт мейрамының алғашқы күні қыркүйектің 12-сіне дөп келіп тұр. Жаратқанға құлшылық етіп, елдің амандығын дұға-тілектерге қосатын қасиетті күнді күтушілер көп. Алдағы Құрбан-айт мерекесін өткізудің өз ерекшеліктері бар. kurban Ең басты ерекшелік, биыл мешіттерде мал сойылмайды. Өйткені мешіт мал соятын емес, құлшылық ететін рухани орда дейді бас имам. Сондықтан құрбындық шалынатын арнайы орындар белгіленген. Жалпы құрбан шалу – сауапты іс арқылы құдайға бір табан жақындау деген мағынаны білдіреді. Сойған малдың етін өзіміз жейміз, қаны жерге сіңеді, тек ниетін ғана Құдай қабыл етеді. Және бір айта кетерлігі, малды айт күндерінен бір күн бұрын союға болмайды. Тек айт-намазы оқылғаннан кейін ғана құрбан шалуға рұқсат. Одан кейін сойылса, ол құрбандық болып есептелмейді. Биыл айт-намазы барлық мешіттерде таңғы сағат 7.50-де оқылады. Тағы бір ерекшелік, қыркүйектің 5-інде қасапшыларға арналған семинар өтеді. Мал союға тек сол семинардан сертификат алған қасапшылар ғана жіберіледі. Бас имам Орал қаласы бойынша құрбан шалуға белгіленген 5 орынды атап өтті. - Біріншісі, Орал-Самара тасжолының бойындағы «Ел ырысы» мал базары. Бұған №6, 10, 39, 45 бағыттағы автобустар барады. Екінші орын, «Кублей» ЖШС. Рыбцех 55 мекенжайында орналасқан. Бұл жерге №7, 17 қоғамдық көліктер қатынайды. Үшінші, Промышленный көшесі, 16 мекенжайындағы «Орал шұжықтары» мекемесінің ғимараты. №1, 4, 5, 33, 35 көліктерімен жете аласыз. Келесісі, «Заря Востока» базары. Ол Орал-Саратов күрежолының бойында, Зачаган кентіндегі сауда орны. Және Ақтөбе көшесі 295-ші үйде орналасқан жеке кәсіпкер Куспановтың мекемесі. Бұған №29, 43 автобустар жүреді, - деп мәлімдеді БҚО бас имамы Руслан СҰЛТАНОВ. Бұл жерлерде барлық санитарлық, ветеринарлық талаптар сақталады. Мал сойғаны үшін қасапшыларға – 500 теңге, ал бас-сирақ үйіткені үшін 200 теңге беру белгіленген. Жиында сондай-ақ қажылық уақытының келгені атап өтілді. Биыл 3 мыңнан аса отандасымыз Меккеге сапар шекпек. Олардың арасында батысқазақстандықтар да бар. Құрбан айт – мұсылмандардың ең қасиетті мерекесі. Ол «ораза айттан» кейін 70 күннен соң басталып, 3 күнге созылады. Бұл күндер Ұлы Меккеге қажылықпен аяқталады. Айт күндері Аллаһқа арнап құрбандық шалады, мал сояды (жылқыдан басқа). Бұл мұсылмандардың негізгі міндеттерінің бірі. Арман Курманалиев