БиылБҚО-да 130 мың шаршы метр 15 тұрғын үй тапсырылмақ.Әлеуметтік нысандар құрылысы да жалғасады. Ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің аймақтық филиалында өткен брифингте сала мамандары мәлім етті. mikroraion Тілшілермен жүздесуге келген сала басшысы, әуелі, әлеуметтік нысандар құрылысын жіпке тізді. Шыңғырлау, Зеленов аудандарында мектеп, Бөрліде – балабақша, Оралда Жастар мен оқушылар сарайы салынып жатыр. Ақжайық ауданындағы апатты жағдайдағы Шабдаржап мектебін салуға мердігер анықталуда. Ал сақалды құрылыс атанған қалалық аурухананың атпсырылуы не үшін кешігіп жатқанын сала басшысы былай деп түсіндірді. - 300 кереуеттік аурухана құрылысы 2012 жылы басталды. 7,1 млрд теңге игерілді. Негізі құрылыс 2015 жылы аяқталды. Қазір медициналық құрал-жабдықтарды жеткіу және монтаждау жұмыстары жасалуда. Аурухананың ашылуы не үшін ұзаққа созылды десеңіз, медициналық қондырғыларды орнатуға уақыт керек. Өйткені қойылар талап қатаң. Мамырдың соңында барлық құрал-жабдықтар орнатылып бітеді. Сосын маусымда олардың жұмыс істеуі тексеріледі, - деп түсіндірді БҚО құрылыс басқармасының басшысы Арман ӨКСІКБАЕВ. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де құрылыс басқармасының құзырында. Өңірдегі оңтүстік аудандар таза су тапшылығын көріп отырғаны белгілі. Биыл Қазталов ауданындағы Қазталов және Нұрсай ауылдарына су құбырын салуға бастапқы қаражат бөлінген. Ал Жаңақалаға Құлшықтан, Сырымға Кеңащыдан жерасты суын тартуға жобалау-сметалық құжаттамалары жасалуы керек. Қаражат қаралған. Ақжайық ауданының Сайқұдық ауылында да ауыз су мәселесі күрмеулі. Бұл да біздің назарымыздан тыс қалмайды деген сала басшысы қаланың алдағы даму жоспарымен де таныстырды. - Келешекте қала аумағы солтүстік-шығыс бағытында дамиды. Жұлдыз шағынауданынан Новенький ауылына дейінгі жолға дейін. Сол жерде жаңа шағынаудан пайда болады. Аумағы 108 га. Келешекте сол ауданға 280 мың шаршы метр көпқабатты тұрғын үй салу жоспарда бар. Сол кезде 12 мың тұрғын баспанамен қамтылмақ. Құрылысты 2018 жылы бастамақпыз, әзірге биыл инженерлік-коммуналдық желілерді тартуға 762 млн теңге бөлінді. Биыл өңірдегі құрылыс саласына 7,5 млрд теңге бөлінген. Оның 3,9-ы республикалық, қалғаны жергілікті бюджеттен. Қаражаттың қомақты үлесі тұрғын үй құрылысына қаралған. Осы жылы Орал қаласында 14, ал Ақсайда 1 үй тапсырылмақ. 3 жылдан бері құрылысы тоқырап қалған жас отбасыларға арнаған 2 үй де биыл аяқталады. Сондай-ақ облыста аттылар полициясына арналған ғимарат салынады. Бұл саяжайдағы қоғамдық тәртіпті сақтауға сеп болмақ.   Арман Курманалиев