Ақтөбедегі лаңкестік оқиғада ерлікпен қаза тапқан Берікжан Қалиевтің отбасы баспаналы болды. Бүгін есіл ердің жары Нұрсұлу Қалиеваға облыс әкімі Алтай Көлгінов үш бөлмелі жаңа пәтірдің кілтін табыс етті. dom-2 Ақтөбедегі қанды оқиғада опат болған Берікжан Қалиевтің отбасы биыл Оралға көшіп келіп, сұрықсыз жатақхананы паналаған еді. Отағасы көрші қалада әскери қызметте болғанда, оның жары Нұрсұлу мен шиеттей төрт бала аядай бір бөлмеде тұрып жатқан-ды. Енді, міне, батырдың ерлігі еленіп, марқұм Берікжанның отбасы су жаңа пәтерге ие болды. Ерлікпен қаза тапқан ердің зайыбына үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс еткен облыс әкімі Алтай Көлгінов қоныс құтты болсын айтты. Үш бөлмелі пәтердің ауданы – 83 шаршы метр. Жиһаз, қажет тұрмыстық бұйымдармен жабдықталған. Отбасы тек баспанамен қамтылып қойған жоқ. Балалар жағдайы ойластырылып, олар үйдің қасындағы жаңа №47 мектепте оқитын болады. Кішісі шағын орталыққа барады. Ал жары сол мектепке жұмысқа орналастырылды. Батырдың зайыбы Нұрсұлу Қалиева дер кезінде көрсетілген көмек пен құрметке алғысын айтты: - Алдымен, Елбасына үлкен рахмет айтамын. Өте қуаныштымын. Бәрі орналасып жатыр. Өзіме де жұмыс табылды. Енді қалған өмірде қайғы көрмей, қуанышқа жазсын. Елімізде тыныштық болсын! Баламысың деген. Олар әлі болған жағдайды толық сезінбейтін секілді. Жаңа жиһазда асыр-салып ойнауға әзір. Ұл-қыздың үлкенінің алды 14-те, ең кіші қызы 4 жаста. Ал 9 жасар Мейіржан әкесінің жолын қуып, әскери адам болғысы келетінін айтады. Соңғы рет олар әкесімен 1 маусым күні телефон арқылы тілдескен. Қоныстой құтты болсын айтуға келген тума-туыс Берікжан Қалиевтің ақжарқын, абзал жан болғанын айтып, енді ол көрмей кеткен қызықты артындағы ұрпағы көруін тілесті. Ал облыс әкімі Алтай Көлгінов жан-жақты көмек көрсетілгенін атап өтті. - Елбасымыз ешбір отбасы қараусыз қалмасын деген тапсырма берді. Осыған сәйкес бүгін Берікжан Қалиевтің отбасына үш бөлмелі пәтерді бердік. Жолдасы жұмысқа орналастырылды. Балалары осы шағынаудандағы мектепке, шағын орталыққа барады. Бүкіл әлеуметтік мәселелері шешілді. Және 5 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Қайғының ізін қуаныш жалғайды. Бұл өмір заңы. Енді бейбіт аспан астында қару даусы естілмей, Ақтөбедегі қанды оқиғадан зардап шеккен отбасының Зачаган кентіндегі жаңа үйі құтқа толғай.  
Арман Курманалиев