Биыл Қазақстанда 34 бала терезеден құлады. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. Құлаған бүлдіршіннің үшеуі қайтыс болыпты. Қалған сәбилер түрлі жарақат алып, ауруханада ем-дом қабылдаған.
Оқыс оқиғалар Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар, Абай және Ұлытау облысында тіркелген.Қайғылы оқиғаның себеп-салдары көп. Соның бірі — бақылаудың болмауы. Қараусыз қалған балалар терезе алдына шығып, жиһазды тіреуіш ретінде пайдаланып, москит торларына сүйеніп, құлап қалады.
Төтеншеліктер қайғылы оқиғаның алдын алу мына ережелерді ұстануға кеңес береді.
- Үйде кішкентай бала болса, терезелерді ашық қалдырмаңыз.
- Терезені тиісті қорғаумен жабдықталмаған москит торларын пайдаланбаңыз — балалар мұндай торларға сүйеніп, нәтижесінде олармен бірге құлап түседі.
- Балалар өздігінен терезені аша алмайтындай етіп, қауіпсіздік құлыптарын орнатыңыз.
- Баланы қараусыз қалдырмаңыз, әсіресе терезелер мен шыны есіктердің жанында ойнауға жол бермеңіз.
- Балалар терезенің алдына шыға алмайтындай, жиһаздарды оның жанына қоймаңыз.
Фото: pexels.com