Атырау облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бұрын-соңды медициналық инфрақұрылым жүргізілмеген шалғай ауылдарға 6 фельдшерлік-акушерлік пункт және бір дәрігерлік амбулатория мен 11 медициналық пункт салу жоспарланған,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Олардың ішінде 2023 жылы қос медициналық пункт және бір ФАП пайдалануға берілді. 2024 жылдың желтоқсанында Индер ауданының Есбол ауылына дәрігерлік амбулатория, Исатай ауданы Жасқайрат ауылына және Құрманғазы ауданындағы Азғыр, Жасталап, Батырбек, Қоңыртерек, Афанасьева ауылдарына медициналық пункт, сондай-ақ Кудряшов пен Арна ауылына ФАП салынды. Қазір Құрманғазы ауданының Жалғызапан, Жамбыл және Әліпова ауылындағы нысандарды теңгерімге беру жұмыстары жүргізілуде.
— Ұлттық жоба аясында жоспарланған 18 нысанның 15-і толық аяқталды. Қалған үш нысанда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Құрманғазы ауданының Көптоғай ауылындағы ФАП 85% дайын, ал. Қызылқоға ауданындағы Жамансор және Жантерек ауылдарындағы медициналық пункттердің құрылысы 50% орындалды, — деді облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайнов.
Мұнымен қатар, денсаулық сақтау басқармасы ауылдарға маман тарту бойынша кешенді шараларды қолға алған. Былтыр 148, биыл 31 маманға көтерме жәрдемақы берілсе, қазір тағы 68 маманның құжаты қаралуда.
Бұдан бөлек, ауылдардағы кадр тапшылығын шешу мақсатында дәрігерлердің баспана мәселесіне де қолдау көрсетіліп келеді. 2022 жылдан бері «Отбасы банк» арқылы 5% жеңілдетілген ипотека бағдарламасымен 43 дәрігер баспаналы болған.
Ал биыл жергілікті бюджет есебінен медициналық білім гранттары кеңейтіліп, 83 студент бакалавриатқа, 27 маман резидентураға қабылданды.


