Атырауда Талқайран ықшамауданында «Каспий Құбыр Консорциумының» демеушілігімен 900 орындық мектеп пайдалануға берілді. Жаңа оқу ордасының құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталды. Бұл туралы Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Оқу ордасының ашылу салтанатына аймақ басшысы Серік Шәпкенов қатысты.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнеске әлеуметтік жауапкершілік күшейтуді жүктеген болатын. Консорциум бұған дейін де ауқымды қайырымдылық жобаларды іске асырып, әлеуметтік нысандарды салуға, қайта жаңғыртуға мұрындық болып келеді. Осы ретте компанияның халық игілігі үшін атқарып келе жатқан жұмысына айрықша алғыс білдіремін. “Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді” деген сөз бар. Бұл дәуір ой жарыстыратын заман екенін Президентіміз жиі айтады. Ендеше, жаңа білім ордасы ақыл-ойдың озаттарын тәрбиелейтін тағылым ұясы болсын демекпін. Педагогикалық ұжымға шығармашылық табыс тілеймін!-деді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.
Жаңа мектептің жалпы ауданы 12 мың шаршы метрді құрайды. Ғимаратта 36 сынып жабдықталған. Әр сыныпта 25 оқушыдан білім алмақ. Барлық аудитория замануи құрал-жабдықпен жабдықталған. 36 сыныптың әрқайсында 25 оқушыдан білім алады. Барлық аудитория заманауи үлгіде жарақталған. Білім ошағында оқу сыныптарынан бөлек екі кітапхана, медициналық пункт, екі спорт залы, 210 адамға арналған акт залы және 312 орындық асхана орналасқан. Сондай-ақ мектеп ауласында балалардың спортпен шұғылдануы үшін футбол алаңы, жүгіру жолы, спорттық тренажерлер аймағы, теннис корты және волейбол алаңы жабдықталған.
