Атырауда екі үйдің төбесі өртке оранды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері хабарлады. Оқиға Сарықамыс ықшам ауданында орналасқан Қазтуған көшесінде тіркелген. Тілсіз жау туралы хабарлама сағат 14.40-та келіп түскен.

-Оқиға орнына дереу жеткен өрт сөндіру бөлімдері жапсарлас салынған екі тұрғын үйдің төбе жабындысынан өрттің шыққанын анықтап, жедел түрде өртті сөндіру жұмыстарына кірісті.

Өрт сағат 15:28-де оқшауланып, сағат 15:53-те толықтай жойылды. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда. Өрт сөндірушілердің шұғыл әрекетінің нәтижесінде, жапсарлас үйлерге жақын орналасқан уақытша тұрғын үйге өрттің таралуына жол берілмеді,-делінген Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің  хабарламасында.

Тілсіз жауды құрықтауға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 19 қызметкері мен төрт бірлік техника, «Апат медицинасы» орталығының 3 маманы мен бір техникасы жұмылдырыпты.

Атырау облысы ТЖД видеосынан стоп-кадр