Мүгедектігі бар жандардың қоғамда өз орнын тауып, өмірге араласуы үшін тиісті жағдай жасалуы қажет. Бірінші кезекте тасымал мәселесі шешімін табуы тиіс. Инватаксидің қызметін пайдаланатындар көп. Мәселен Атырау қаласында биыл 1200-ден астам адам осы қызмет түрін пайдаланыпты. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Рафхат Жолдиев мәлімдеді. Қазіргі таңда шаһар аумағында 99 инватакси жұмыс істейді.

— Басты мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік ортаға толыққанды бейімделуіне жағдай жасау. Биылдың өзінде 1200-ге жуық адам инватакси қызметін пайдаланып, 76 мыңнан астам тасымал жасалынды. Қызмет түріне сұраныс жыл сайын артып келеді, - деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Рафхат Жолдиев.

Облыстық әкімдіктің таратқан ақпарына сүйенсек, такси арбамен қозғалатын, көзі көрмейтін және тірек-қозғалыс қызметтері бұзылған, сал, дауна, неврологиялық дертке шалдыққан науқастарға Атырау қаласының аумағында қызмет көрсетеді екен.

Инватакси қызметін пайдаланатындар бір күн бұрын телефон немесе WhatsApp желісі арқылы сағат 09:00-17:00-ге өтінім береді.

Мүгедектігі бар жандарды тасымалдау ісі 2022 жылғы 22 қыркүйектегі №521 бұйрығымен енгізілген өзгерістер негізінде, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүргізіліп келеді.