Ақтөбеде той кортежін ұйымдастырғандар жауапқа тартылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерді мониторинг жүргізіп, жол ережесін бұзғандарды анықтапты. Кейбір автокөліктерге заңсыз түрде арнайы жарық құрылғылары – жарқылдақ маяктарға еліктейтін стробоскоптар орнатылғаны белгілі болды.
Патрульдік полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында аталған автокөліктерді анықтап, жүргізушілерді қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартты. Тәртіп сақшылары жол жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырады.