Бүгін еліміздің әр қаласында бір мезетте республикалық «Ақ орамал» акциясы бастау алды. Мақсат - Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясында Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестінің идеясын ілгерілету. Осыдан тура ширек ғасыр бұрын Семейде сынақ полигоны жабылып, Қазақстан алапат қарудан бас тартқан еді. Сондықтан әлемге бейбіт өмірді үндеуге біздің елдің толық қақысы бар. Жалпыұлттық акцияға оралдыдықтар да үн қосты. 00257 Ақ түс әуелден – тазалықтың, пәктіктің нышаны. Ал сүттей ақ орамал – тек адалдықтың белгісі емес, ел мен елді, ер мен ерді бітістірген бітімгершілік құралы да болғаны тарихтан белгілі. Ал бүгінгі акцияда ақ жаулық – бейбітшіліктің символы ретінде алынды. Бастарына ақ жаулық салған аналар мен қыз-келіншектер осы бір ізгілік үлгісінің қадірін арттырып, шеруге шықты. Бүгін Семей ядролық полигонының жабылғанына тура 25 жыл. 1991 жылдың 29 тамызында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 40 жыл ажал отын шашқан полигон ресми түрде жабылды. Ширек ғасыр бұрын басталған саясат бүгінде Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестінің идеясына ұласып, жаһанға үн қатты. Бесік тербеткен ана әр уақытта сәбиінің алаңсыз ұйқысын қалайды. Әлемнің тыныштығын жақтайды. Сондықтан да әр ананың тілегі Елбасының идеясымен үндес, тамырлас. «Бізге тыныштық керек, бізге лаңкестік, соғыс, ядролық қару керек емес. Ұрпағымызды дұрыс тәрбиелейік, сонда еліміз аман, жұртымыш тыныш болады» деп ақ тілегін жолдаған Ақұштап Бақтыгереева күні кеше ақ босағаны аттаған жас келіндерге ақ жаулық тағып, кірлетпей, таза ұсауын өтінді. Ассамблея бастамашы болған акцияның басты мақсаттарының бірі – тілі мен діні, нәсіліне қарамастан, барша азаматты бейбітшілік идеясына біріктіру. «Біз соғыссыз әлемді қалаймыз», «Лаңкестікке қарсымыз», «Қарусыз әлем үшін» деп ұрандатқан олардың тілегі бір. Бұл күні ақ орамалдың мән-маңызы ұлықталып, сол арқылы Ана бейнесі ардақталды. Ана туралы ән айтылып, жыр төгілді. Өйткені әйел-ана – өмірдің жалғасы, тіршілік ұйытқысы. Соғыссыз әлемде ғана тіршілік гүлдейді. Қарусыз қоғамда ғана тұрақтылық болады. Акцияның басты айтар ой осы.  
Арман Курманалиев