Бүгін ел тұрғындары бір уақытта қазақ тілінен ашық диктант жазды. Жалпыұлттық шараға біздің өңір де үлес қосты. Облыс орталығында айтулы акция Жәңгір хан атындағы БҚАТУ, Ж.Досмұхамедов атындағы педогогикалық колледжі, Ж.Молдағалиев атындағы ғылыми-әмбебап және Хамза Есенжанов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханаларында өтті. «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін насихаттауға арналған сауат ашу шарасын Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырды. diktant Жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 10-да басталған жалпыұлттық акцияға ниет білдірушілер аз болған жоқ. Педагогикалық колледж кітапханасында осы оқу орнының студенттерімен қатар, №44 мектеп оқушылары да диктант жазды. Жұртшылық санасына «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын сіңіру, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру – басым бағдар. Қазақ тілінде диктант жазамын деп құлшынып келгендердің бірі – Лера Латыпова. Акция туралы ғаламтордан оқып-білген №7 орта мектеп оқушысы мәтіннің жеңіл болмағанын айтады. - Қазақ тілін жақсы көремін. Ол сабақтан бағам – 5. Диктант қиын болды. Бірақ жақсы жаздым деп ойлаймын. Колледждегі сауат ашу шарасына 60 бала қатысты. «Мәңгілік ел» патриоттық актісінің мәнін енді кейінгі буын да біліп жүретін болады.Ал Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық кітапхананың оқу залына азаматтық қызметкерлер, БАҚ өкілдері мен қарапайым ниет білдіруші жандар жиналды. Олар шараның тіл тазалығына қосар үлесі зор екенін айтады. Диктант жазам деушілерді ең көп қамтығанЖәңгір хан атындағы БҚАТУ. Мұнда таңертең 600-ге жуық адам қолына қалам алып, партаға отырды. Дені мемлекеттік қызметкерлер, әлеуметтік сала мамандары мен студенттер. Диктантты жоғары және 1-санатты мұғалімдер тексереді. Қорытындысы қоғамдық келісім кеңестеріне жіберіледі. Жалпыұлттық шара өңірдің барлық аудандарында да өтті. Алдын ала мәлімет бойынша ашық диктант жазу акциясына 3000-нан астам адам қатысқан. Мақсаты - мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру. Балалардың басқа да өкілдердің белсенділігі жоғары. Бұл біздің тілге деген құрмет. Қазақ тілін сауатты жазу үшін өте керемет шара. Ұйымдастырушылардың айтуынша, енді ашық диктант жыл сайын өтіп тұрмақ. Бұл өз кезегінде, мемлекеттік тілді білуге қызығушылықты арттыратыны сөзсіз.  
Арман Курманалиев