Көп тұрғынның ПИК, яғни пәтер иелері кооперативінің жұмысына көңілі толмайды. «Ай сайын төлейтін ақшамыз қайда жұмсалады осы?» деп наразылық білдіреді. Енді бұл сұрақтың жауабын үйден шықпай-ақ білуге болады. Кооперативтердің қаржылық-шаруашылық есебі тұрғын үйлердің кіреберіс бөлігінде іліне бастады. Бұл құжатта жиналған қаржының қайда жұмсалғаны туралы жан-жақты мәлімет берілген. Қала әкімінің нұсқауымен қолға алынған іс қалай жүріп жатыр? ksk-bymagi Қаржылық есептердің іліне бастағанына бір-екі күн ғана болды. Алғашқылардың бірі болып бұл іске «Жалын» пәтер иелері кооперативі үн қосты. Ұйымның басқаруында 26 тұрғын үй бар. Бүгінде барлық баспананың кіреберісіне аталған құжат ілініп, халық құлағдар етілген. - Бұған дейін біз қаржылық есепті әр тоқсан сайын өз кеңсемізде іліп келдік. Есептер тігілген арнайы папкамыз бар. Оны кез келген тұрғын келіп қарай алатын. Бірақ барлығының келіп көруге уақыты жоқ. Сондықтан осылай кіреберіс орынжайда іліп қою дұрыс деп есептеймін. Егер сұрақтары болса, бізге келіп, сұрап білуіне болады, - дейді «Жалын» пәтер иелері кооперативінің төрайымы Людмила СИЛАНТЬЕВА «Жалынға» қарасты баспаналардың дені ескі үйлерге жатады. Ең көнесі 1936-37 жылдары салынған. Биыл 29 үйдің 12-сіне тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жасалған. Жұмыстың жаңа тәсілін тұрғындар оң қабылдап жатыр. Әзірге бір жылдық есеп жарияланды. Бұдан әрі әр тоқсан сайынғы қаржылық-шаруашылықтың жайы баян етілмек. - Мұндай есепті ілу дұрыс деп ойлаймын. Кооперативке төлеген ақшамыздың қайда жұмсалып жатқанын біліп отырамыз. Менің ПИК жұмысына көңілім толады. Еш шағымым жоқ, - дейді осы үйдің тұрғыны ВАЛЕНТИНА ГРИЩЕНКО. Қазір қалада 105 ПИК бар. Жергілікті биліктің шешімімен енді олардың жұмысы әр тұрғынға ашық әрі жариялы түрде көзайым болуы тисі. Бүгінде 105 ПИК-тің 30 пайызы өз есептерін іліп үлгерген. Ал егер сіз қаржының есебіне күмән келтірсеңіз, тиісті ұйымдарға шағымдануға құқыңыз бар. - Тұрғын үй қатынастары заңы бойынша әр пәтерлер кооперативінде тексеру, яғни ревизия комиссиясы болады. Сол комиссия әр ПИК-тің қаржылық жағдайын тексеріп, заңбұзушылықтар агықталған жағдайда олар сот органдарына беруге құқылы. Және де егер тексеру комиссиясының жұмысы қанағаттанарлықсыз болса, жеке аудиттік компанияларға жүгініп, солардың шешіміне сәйкес тұрғындрға әрі қарай жұмыстануға болады, - дейді Орал қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Радмир ЖАСЕНОВ. Жаңа үрдіс әлі де жалғасуда. Бір өкініштісі, кейбір тұрғындар мөр соғылған құжатты жыртып не жұлып әкетеді екен. Асықпай үйге барып оқимын десе керек. Мұндай бассыздықтың жолын кесу үшін шара қолданамыз дейді инспекция мамандары.  
Арман Курманалиевksk-bymagi