ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІК ЖОЛ ЖӨНДЕУШІ ЕКІ СЕРІКТЕСТІКТІ СОТҚА БЕРДІ
Қалалық әкімдік жол жөндеуді мерзімінен кешіктерген «Балтемен» және «Пирамид» серіктестерін сотқа берді. «Азиятехстрой» кәсіпорнына қатысты да сын көп. Қала әкімінің жол жөндеуші аталған компанияларға көңілі толмайды. Бұл туралы шаһар басшысы Нариман Төреғалиев жауапты тұлғалар қатысқан жиында мәлім етті. Сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жаңғыртылып жатқан инженерлік желілер құрылысының бір нысанында да кестеден кешігу бар.

Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қалада 9 жоба жүзеге асуда. Атап айтқанда, ұзындығы 14шақырымға жуық су мен кәріз, жылу желілері жөнделіп жатыр. 9 нысандағы жұмыстың дені кестеге сай атқарылуда. Тек 4-ші шағынаудандағы №8 және Темір Масин көшесі бойындағы ТМ-7 жылу магистральдарінің қайта жаңғыртылуында жоспарлы мерзімнен кешігу бар. Мердігер кәсіпорын өкілі жағдайдың мәнісін былай түсіндірді.
- Кешігуіміздің себебі біз жобада қаралмаған қосымша жұмыстарға тап болдық. Қазір бірақ ол жұмыстарды аяқтадық. Кестені қуып жетуге тырысып жатырмыз, - депақталды «Бірлік» ЖШС директоры Аманжол КӨНЕЕВ.
Жиында жолдың жайы да айтылды. Әсіресе, жөндеу жұмысы сағызша созылып, шаһар тұрғындарының мазасын алған жол бөліктері қала әкімінің де жүйкесін жұқартыпты. Атап айтқанда, Есқалиевкөшесібойынша баяғы жыр. Осыдан 1 ай жарым уақыт бұрын Нариман Төреғалиев тап осындай жиын құрып, бұл көшені жөндеп жатқан «Пирамид» серіктестігіне сын айтқан болатын. Әсіресе, жаңбыр суын арыққа құяр бөліктің екі жақтан бітеліп тасталғаныжұртшылықтың наразылығын тудырған еді. Осындай қожанасарлық тәсілдер үшін Пирамид кәсіпорнын қалалық әкімдік сотқа берді. Негізі мердігер бұл көшенің жөнделуін тамыздың басында аяқтауы тиіс екен. Кәсіпорын өкілін орнынан тұрғызған Нариман Төреғалиев заң талабы қатал екенін ескертті.
- Мен сіздерге бірнеше рет бардым. Бітірдік дейсіздер, бірақ сіздер мерзімінен кешігіп қалдыңыздар. Сын-ескертпелерді түзеткенсіздер. Көрдік. Бірақ заң бойынша біз сізді сотқа бердік. Өйткені кестеден қалып қойдыңыздар. Біз ешкімді қорқытқымыз келмейді. Бұл баршаңызға сабақ болуы керек, - деді қала әкімі Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ.
Ай жарым бұрын «Балтемен» ЖШС-не де сын садағы қадалған болатын. Бұл кәсіпорын 7 және 9 шағынаудандағы үй арасындағы кіреберіс жолдарды әлі күнге дейін аяқтамапты. Жұмыс 20 пайызға кешіктірілген. Әрі жөндеу сапасы да көңіл көншітпейді. Әкімнің ескертпесінен кейін жұмыс сәл де болса шираған. Бірақ әлі де кестеге сай емес. Бұл кәсіпорынға да қатысты талап арыз сотта жатыр. «Балтемен» өкілі жұмысты қыркүйекте бітіремін деп уәде берді.
Сол секілді Достық даңғылының күрделі жөнделуі де созбалаңға салынып кетті. Мердігер «Азиятехстрой» серіктестігі жұмысты 22 пайызға кешіктірген. Ықсанов көшесіндегі жұмыстар да кестеге сай емес. Өткен айда тапсырыс беруші КПО бв компаниясы бұл мекемеге шағым хат жолдаған болатын.
Жиында қаралған үшінші мәселе жылыту маусымына дайындық жөнінде. Шаһарда ПИК қарауындағы 804 үйдің 74 пайызы жауапты кезеңге дайын. Ал кооперативі жоқ 319 үйдің тек 7,5 пайызында ғана әзірлік жұмыстары жүргізілген. Қыстың қамын ойламаған тұрғындар суықта жылу сұрамасын деді қала әкімі.
Жылыту маусымына 1,5 ай уақыт ай қалды. Сондықтан тұрғындар да өз жауапкершілігін ұмытпауы керек. Жиында «Қазтрансгазаймақтың» қисық әрі сыры кеткен құбырларына қатысты да сын айтылды. Ал компания өкілінің сырға ақша жоқ деп сылтау айтқаны күлкілі естілді.
Осылайша өз ісіне жүрдім-бардым қараған кәсіпорын өкілдеріне шүйліккен Нариман Төреғалиев бәрі де заң аясында орындалуы қажеттігін талап етті. Жолшылар үшін 1 ай ғана қолайлы мерзім қалды. Егер жұмысты кестеден кешіктірсеңіздер, сотта кездесеміз деді шаһар басшысы.