Орал қаласындағы су және кәріз желілері мен жылу жүйелерін жөндеу жұмыстары қарқын ала түсті. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бөлінген 1млрд 905 млн теңге қаржыға 9 жоба жүзеге асуда. stop Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жұмыстары биыл «Нұрлы жол» аясында жүзеге асуда. Қазір шаһардың әр бөлігіндегі су, кәріз және жылу жүйелерін жаңғырту жұмыстары қарқын ала түскен. - Биыл инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарына қазынадан 1 млрд 905 млн теңге бөлініп, 9 жоба жүзеге асуда. Су және кәріз желілерінің жаңғыртылуымен 183 мыңнан астам адамға көрсетілетін қызмет сапасы артады, - дейді Орал қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Рустам МҰҚАТОВ. Кердері көшесі бойымен Королено және Сарайшық көшелері аралығындағы 1832 метрлік құбырлар желісі толықтай жаңғыртылуда. Мамандардың айтуынша, бұл бөліктегі құбырлардың 90 пайызының әбден тозығы жеткен. Құрылысты жүргізуші мердігер компания жұмыстың сапасына 10 жылға кепілдік беріп отыр. Құбырлар оралдық кәсіпорында жасалған. Орталық базар аумағындағы құбырларды ауыстыруда жол төсемін бұзбайтын технологияны қолдану жоспарланған. «Жаңғырту жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтауға күш салудамыз» дейді мамандар. «KAZCONSTRUCTIONGRОUP» ЖШС геодезист маманы Ержан НҰРАХАНОВтың айтуынша, кәсіпорын Кердері көшесі бойынша 1832 метр су құбырын ауыстырып жатыр екен. Құдықтары да жаңартылуда. Жұмыс басында 40 адам еңбек етуде. Петровский көшесінде де құрылыс қызған. Сарайшық көшесінен Еуразия даңғылына дейінгі аралықтағы сумен қамту, кәріз бен жылу жүйесі су жаңа құбырлармен ауыстырылуда. Айта кету керек, бұл құбырлар да жергілікті өндірушілердің өнімдері. Құрылыста техника мен адам күшінен тапшылық жоқ. - Біздер өзімізге тиесілі жұмыстарды сапалы орындауға күш салудамыз. Қазір жұмыстың 45 пайызы орындалды. «Жұмыспен қамту орталығы» жолдамасымен келген 10 тұрғын мен 11 студент те коммуналдық саланы жаңғыртуға өз үлестерін қосуда, - дейді «ГАЗКОТЛОМОНТАЖ» ЖШС учаске басшысы АЛЕКСЕЙ ОСЕТРОВ. Қала бойынша 12 шақырымнан астам су және кәріз желілері жаңғыртылуда. Ал 1,2 шақырым жылу жүйесінің ауыстырылуымен 7 әлеуметтік нысан мен 96 үйдің 31 мыңнан астам тұрғыны қыста жылудан тапшылық көрмейтін болады. Мердігерлер жаңғырту жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтауға уәде етіп отыр.  
Арман Курманалиев