Қаладағы кейбір мектептерге кіреберіс жолдардың сапасы сын көтермейді. Биыл қалалық әкімдікпен сондай ғимараттардың саны түгенделіп, қаражат көзі іздестірілуде. Бұл туралы қалалық білім беру қызметкерлерінің тамыз мәслихатында шаһар басшысы Нариман Төреғалиев мәлім етті. Сондай-ақ дәстүрлі жиында жаңартылған білім беру жүйесінің ерекшелігі, үштілділік, ұстаздар алдындағы мақсат-міндеттер жайы пысықталды. den-konstitucyi-1 Ұстаз мерейі – білімді ұрпақ. Дәстүрлі тамыз мәслихаты басталмас бұрын әуелі мұғалім мақтанышы мен мектеп көзайымына айналған озық шәкірттердің білім мен өнердегі жетістігі көрмеде паш етілді. Солардың бірі - қоқысты қайта өңдейтін құрылғы ойлап тапқан жеткіншектер. Қалдықтармен күресіп, қала тазалығына үлсе қоссам дейтін олар өз жобаларының жүзеге асарына сенімді. Биыл ұстаздар қауымы жаңартылған білім беру жүйесінің кезекті сатысына көшті. Солардың бірі – үштілділікті енгізу. Біз бұл жүйеге дайындықты 3-4 жыл бұрын бастап кеттік дейді мақтаулы мектеп басшыларының бірі. - Мектебімізде «Болашақтың» үш стипендианты бар. Солар арқылы қазір біз кейбір пәндерді консультатив түрінде ағылшын тілінде де оқытып жатырмыз, - дейді №42 «Ақ ниет» мектеп-гимназиясының директоры Ерік АХМЕТОВ. Биыл қалалық білім беру бөлімінің бюджеті 13 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылғыдан 30 пайызға артық екен. Әйткенмен, қала кеңейді, бала да көбейді. Соңғы 3 жылда 3 мектеп салынғанымен, әлі де шешімін күткен мәселелер бар. - Жылдан жылға оқушылар саны артып келеді. Тек соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 31 мыңнан 38000ға тіреліп отыр. Яғни әлі де мектеп ғимараттары қажет-ақ. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Нариман Төреғалиұлы, сізден алдағы уақытта қаламыздың тарихи орталығында орналасқан эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназияны бейімделген ғимараттан жаңа орынға көшіруге көмектессеңіз, ұстаздардың қуанышы шексіз болар еді, - деп өтінді Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы ЖАНСҰЛУ ТӨРЕМҰРАТОВА. Қала әкімі де білім саласына қатысты біраз түйіткілді мәселерді жіпке тізді. Оның шешілу жолдарын да атап өтті. Атап айтқанда, Зачаган кентінің Сарытауы мен Деркөл, солтүстік-шығыс шағынаудандарына жаңа мектептің қажеттілігі, қаладағы 13 мектеп пен 15 балабақшаның күрделі жөндеуді көп күткені жайлы тілге тиек етілді. Сондай-ақ мектептерге кіреберіс жолдардың сын көтермейтіндігі де мінберден ашық айтылды. - Бүгінде қаладағы 11 мектептің жөнді кіреберіс жолы жоқ. Қазір біз жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатырмыз. Егер қаражат жағы шешілсе, келесі жылы бұл мәселенің шешімін табамыз. Сондай-ақ 7 білім беру ұйымын күрделі жөндеудің құжаттамасы дайын. №4 мектептің құжаттамасы да әзірленуде. Бұған республикалық бюджеттен қаржы тартуды қарастырудамыз. Енді сіз айтқан мәселеге келсек, Жансұлу Меңешовна, эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназияға жаңа ғимарат беру туралы өтінішіңізді есте ұстаймыз. Қаражат қарастырамыз, - деді қала әкімі Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ. Кеңесте білім беру ұйымдарын жиһазбен, спорттық жабдықтармен қамтамасыз ету, асханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту, «Технология» кабинеттерін заманауи құралдармен жабдықтау түйіткілдері көтерілді. Білім саласындағы қордалы мәселерді талқылаған жиыннан соң сала үздіктері алғысхат, құрмет грамоталарымен марапатталды.  
Арман Курманалиев