ҚАЛА ӘКІМІНІҢ МЕКТЕПТЕРДІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСЫНА КӨҢІЛІ ТОЛМАДЫ
Қисық еден, кедір-бұдыр бетон төсемі, бірі төмен, бірі жоғары орнатылған жарық құралдары. Бұл Орал қаласында күрделі жөнделіп жатырған мектептерде қала әкімінің көзіне түскен кем-кетіктер. Бұған наразы болған шаһар басшысы кемшіліктерді тез арада жойып, білім ордаларындағы барлық жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін толық аяқтауды тапсырды. Ал, жаңа оқу жылының басталуына ай жарым ғана уақыт қалды. Айта кетейік, Оралда биылғы жылы үш мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Егер сапалы орындалмаса, белгіленген жұмыс кестесінен кешеуілдесе нысандар мүлдем қабылданбайды деді Нариман Төреғалиев.

Қаланың қақ ортасындағы Ықсанов атындағы №36 мектеп - 1936 жылы, ең алғашқы салынған білім ошақтарының бірі. 80 жыл болған ғимаратқа бірде-бір рет күрделі жөндеу жасалмапты. Тек биыл қазынадан 111 млн теңге бөлініп, 5 шілдеден құрылыс жұмыстары басталған. Қазір мұнда 71 адам үш ауысымда еңбек етеді.
Мектеп жанынан 2006 жылы қосымша ғимарат салынған. Оған да ішінара жөндеу жасалмақ. Мектеп әкімшілігі 1 қыркүйекте сыңғырлаған ғимаратта 620 оқушымен жаңа оқу жылын бастауды жоспарлап отыр. Бұл меже орындалады, жөндеуді уақытылы аяқтаймыз дейді құрылыс компаниясының басшылығы. Қала әкімі Нариман Төреғалиев мердігерге мектептің қасбеті мен шатырының түр-түсінде үйлесім болып, ең бастысы сапа мен мерзімнен кешікпеуді басшылыққа алуды тапсырды.
Күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан екінші білім ордасы - №39 мектеп. Жарты ғасырдан астам тарихы бар бұл ғимарат биыл 107 млн теңгеге қайта жаңғыртылмақ. Қазір жоспарланған жұмыс көлемінің 60-70 пайызы орындалған. Алайда кем-кетіктер көп. Қала әкімінің көзі бірден қисық еденге түсті.
- Не мынау қисық-қисық. Мынандай болмау керек. Тегіс болсын. Технадзор, сіз қайда қарап жүрсіз? Мұнда біздің балаларымыз оқиды. Солар үшін жасап жатырмыз ғой. Өзіміздің болашағымыз үшін, - деп реніш білдірді шаһар басшысы Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ.
Жарық жабдықтары да бірі төмен бірі жоғары орнатылып, қожанасырлық кейіп танытып тұр. «Мұны қалай байқамағансыз, мен мұндай жөндеуді қабылдамас едім. Мынаны түзетіңіздер», - деді ол мектеп директорына қарата.
Айта кетерлігі, құрылыс жұмыстарына «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 20 адам қызметке тартылған. Барлығы 45 жұмысшы мұнда еңбек етеді. Жаңа оқу жылында білім ордасында 590 бала тәлім алмақ. Оларға тиісті жағдай жасау үшін мектеп ауласында спорттық алаң да салынады. Ал көзге түскен кемшіліктерге қатысты қала әкімі былай деді.
- Еден тегіс болу керек. Мектеп басшысына ескертілді. Бұлар линолеумдерді кептіру үшін, формасын қалыптастыру үшін төсеп қойдық деді. Кейін бұл линолеумдер алынып, еден түзетіледі. Егер бұл кемшіліктерді түзетпесе, мектеп қабылданбайды.
Шаһар бойынша жөнделіп жатқан үшінші әрі ең ірі білім беру нысаны - Жұбан Молдағалиев атындағы №2 мектеп. Білім ошағы 1116 балаға арналған. Әзірге мұнда 763 оқушы білім алуда. «КПО БВ» компаниясы 390 млн теңге бөліп, қаржыландырып отырған жөндеу жұмысын мердігер ұйым маусым айында бастаған.
- Бұл жерде мектептің толық іші-сыртын жасаймыз. Шатыр, еден, терезе, инженерлік желілер, яғни тек қабырғадан басқа ғимараттың қалған бөлігін түгел ауыстырамыз, - деді «ПК Домостроитель» ЖШС директоры Павел ВЛАСОВ.
Ғимараттың сырты да жаңа материалмен қапталып, қабырға мүжілмес үшін шатырына суағар бөлік орнатылмақ. Мұны өзге нысандарға да үлгі ету керек деген қала әкімі «ремзавод» аумағындағы бұл мектептің жөнделу барысына көңілі толды. Ал мердігерлер үш мектептің де жөнделуін тамыздың 31-іне дейін аяқтап, нысандарды тапсырамыз деп уәде берді.